Алматы облысында баланы иттен құтқарған ер адам марапатталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімдігі 10 жасар баланы ит шабуылынан аман алып қалған Алмалыбақ ауылының тұрғыны Серікбек Сақайбаевты марапаттады.

Алматы облысында баланы иттен құтқарған ер адам марапатталды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 30 маусым күні Алмалыбақ ауылында орналасқан футбол алаңында 10 жастығы Максимге бірнеше ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды.

– Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері келгенше ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі,– деп атап өтті әкімдіктен.

Серікбек Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров оған алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.

Алматы облысында баланы иттен құтқарған ер адам марапатталды
Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар, шараға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа алғыс хат пен естелік сыйлық берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы Қарасай ауданында футбол алаңында ойнап жүрген балаға жеке аумақтан шығып кеткен үш ит шабуыл жасағанын жазған едік.

Кейін Бас прокуратура аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Сондай-ақ Алматы облысының полиция департаменті баланы иттердің шабуылынан аман алып қалған ер адамның жауапқа тартылатыны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

 

Соңғы жаңалықтар