Алматы облысында банк аударымдары арқылы хат жазған сталкер ұсталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының Қарасай аудандық соты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (сталкинг) бойынша айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады. 

мобил телефон
Фото: Азертадж

Сот мәліметінше, айыпталушы 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні еркіне қарсы қудалаған. Ол бірнеше рет қоңырау шалып, WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы хабарламалар жіберген. Жәбірленуші оны бұғаттағаннан кейін де байланыс орнату әрекеттерін жалғастырған. Kaspi.kz қосымшасы арқылы жәбірленушінің шотына аз мөлшерде ақша аударып, аударым кезінде мәтіндік хабарламалар жазған.

— Жүйелі қудалау салдарынан жәбірленуші тұрақты үрей мен қорқыныш сезімін бастан кешірген, ұйқысы бұзылып, психикалық жай-күйіне елеулі зиян келіп, қалыпты өмір салты өзгерген. Іс материалдарын зерттеп, сот айыпталушыны ҚК-нің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 25 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады, — деп хабарлады облыстық сот.

Еске салайық, бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданының полициясы 31 жастағы әйелдің арызы негізінде сталкинг жасаған ер адамды ұстады.

Соңғы жаңалықтар