Алматы облысында барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Марат Сұлтанғазиев
Фото: Алматы облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жер сілкіну жағдайы бойынша шұғыл жиын өткізді. Қазіргі уақытта аймақтағы жағдай тұрақты, бірақ жедел штаб алдағы іс-шаралар жоспарын талқылауды жалғастырып жатыр.

Өңірдегі барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері, полиция бөлімі мен жедел медециналық жәрдем қызметі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Таулы аймақтарда қар көшкіні қаупіне байланысты сақ болып, жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын орындау ұсынылады. Тұрғындарды төтенше жағдайда жинау пункттері белсенді қызмет атқара береді. Қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемелер мен жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 

Аймақ басшысының нұсқауымен жер сілкінісінен кейінгі ықтимал зардаптарды анықтау мақсатында облыстағы барлық ғимараттар мен құрылыстарға тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсету үшін, қабылдау пункттерін дайындау және апаттық-құтқару қызметтерінің іс-қимылдарын үйлестіру жөнінде тапсырма берілді. 

«Төтенше жағдайларға жедел назар аудару дайындығы және облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Соңғы жаңалықтар