Алматы облысында биыл 8 есірткі зертханасы жойылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Жыл басынан берң Алматы облысында бір тоннадан астам есірткі тәркіленген. 

есірткі зертханасы
Фото: ҰҚК

Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімовтың айтуынша, тәртіп сақшылары биыл 8 есірткі зертханасын жойды. Олардың екеуі синтетикалық есірткі өндіруге маманданған болса, қалғандары құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан. 

– Жыл басынан бері 111 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды. Оның 66-сы – қылмыстық іс. Олардың қатарында аса ірі көлемде есірткі сақтау, сату, дайындау және есірткі жарнамасы бар. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. Атап айтқанда, 164 келі синтетикалық есірткі, 21 келі марихуана, 9 келі гашиш, 242 грамм героин және 900 келі жабайы қарасора, - деді Бағдат Әшімов. 

Алматы облысы ӨКҚ
Фото: Алматы облысы ӨКҚ

1 маусымнан бастап облыс аумағында ауқымды «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы басталған. Іс-шараның мақсаты – заңсыз егістіктерді анықтап, жабайы қарасораны жою, транзиттік арналарды кесу және ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу. 

– Операция басталғалы 12 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Олардың ішінде – есірткіні сату, аса ірі көлемде сақтау және заңсыз өсіру фактілері бар. Мысалы, Іле ауданында сату фактісі, ал Талғар ауданында есірткіні сақтау бойынша тоғыз дерек тіркелді, оның екеуі – аса ірі көлемде, - деді Бағдат Әшімов.

Одан бөлек бақылауды күшейту мақсатында Алматы–Бішкек және Алматы–Өскемен тас жолдарында түнгі жылжымалы екі бірдей блокбекет қойылған. 

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жасырын есірткі зертханасы табылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар