Алматы облысында биыл қанша жаңа мектеп ашылады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Өткен оқу жылында Алматы облысында 437 жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп және 47 жекеменшік мектеп жұмыс істеді.

Kazinform сауалына жауап берген Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, жаңа оқу жылында облыс бойынша 11 жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда:
– Еңбекшіқазақ ауданы: Қаражота ауылында 300 орынға, Алмалы ауылында 600 орынға, Сатай ауылында 900 орынға, Ащысай ауылында 600 орынға;
– Талғар ауданы: Жалғамыс, Төңкеріс ауылдарында 600 орынға, Қызыл ту ауылында 900 орынға, Тұздыбастау ауылында 1500 орынға;
– Іле ауданы: Қоянқұс ауылында 900 орынға;
– Жамбыл ауданы: Сарыбай би ауылында 600 орынға арналған білім ордасы пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ Салтанат Беспаева 2025-2026 оқу жылында 1 сыныпқа 35500 оқушы қабылдау жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі таңда 25 807 оқушыны 1 сыныпқа қабылдау туралы өтініш тіркелген. Оның ішінде қазақ сыныбына – 19 533, орыс сыныбына - 5577, ұйғыр сыныбына – 697 оқушы.
– 1 сыныпқа қабылдау жұмыстары тамыз айының соңына дейін жалғасатын болады, - деді басқарма басшысы.
Еске салайық, Алматы қаласында 7 жаңа мектептің құрылысы аяқталды, тағы 4 мектеп тамыз айының соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал 1 қыркүйекте 26 мыңнан астам 1-сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланған. Бүгінгі күні 18 мыңнан астам бала қабылданған.