Алматы облысында білім бөлімінің басшысы мен 7 бухгалтер сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Алматы облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

жемқорлық
Фото: видеодан алынды

Мәселен, Алматы облысында Іле аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Каткееваға және осы бөлімнің 7 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды.

– Олар білім беру саласында нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы аудару арқылы 686 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзінің жүргізушісін ведомстволық бағынысты мектеп-гимназияға жалпы сомасы 4,9 млн теңге жалақы заңсыз төленген кәсіптік бағдар беруші лауазымына жалған жұмысқа орналастырған. Каткеева мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген агенттік мәліметінде.

Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте 10 жыл қызмет атқаруға тыйым салынып, 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Бұған дейін Түркістан облысында бөлімінің басшылары және 8 бухгалтер сотталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар