Алматы облысында болған қар көшкіні кезінде ешкім зардап шекпеді — ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM – Қар көшкіні «Түрген ауылы — Батан шатқалы» бағытындағы автожолдың бір бөлігін жапқанымен, көлік қозғалысы үшін жол ашық. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында болған қар көшкіні кезінде ешкім зардап шекпеді — ТЖД
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

—  23 наурыз күні сағат 08:28–де Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы облыстық маңыздағы «Түрген ауылы — Батан шатқалы» автожолының 23,5 және 18 шақырымдарында қар жамылғысының тұрақсыздығы мен таулы беткейлерде қардың мол жиналуына байланысты өздігінен қар көшкіні болды, — делінген Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.

Көшкін параметрлері:
• 23,5 шақырым: ұзындығы — 6 м, ені — 5 м, орташа биіктігі — 0,5 м. Көшкін көлемі — 15 м³.
• 18 шақырым: ұзындығы — 15 м, ені — 2,5 м, орташа биіктігі — 0,5 м. Көшкін көлемі — 18,5 м³.
• Жалпы қар көшкінінің көлемі — 33,5 м³.

— Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қираулар жоқ. Қар көшкіні «Түрген ауылы — Батан шатқалы» бағытындағы автожолдың бір бөлігін жапқанымен, көлік қозғалысы үшін жол ашық, — делінген хабарламада.

Аталған автожол облыстық маңызға ие болғандықтан, жолды қардан тазарту жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүргізетін болады.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-нен 1 қызметкер және 1 техника, «Қазселқорғау» ММ-нен 1 қызметкер және 1 техника шықты.

Алматы облысының «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» хатына сәйкес, 2024 жылғы 15 қарашадан 2025 жылғы 31 наурызға дейін «Түрген — Батан — Асы обсерваториясы» облыстық маңыздағы автожолының 15-41 шақырым аралығы көлік қозғалысы үшін жабық. 

Айта кетелік Алматы облысында қар көшкіні жүріп, жолды жауып қалған еді.

Соңғы жаңалықтар