Алматы облысында топ болып ер адамға шабуыл жасап, көлігіне оқ атқандар ұсталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының Іле ауданында үш ер адам бір адамға шабуыл жасап, көлікке оқ атқаны туралы ақпарат тарады. Полиция қылмыстық іс қозғаған.

полиция
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оқиға 14 қазан Іле ауданының Қосөзен ауылында болған.

Желіде көліктегі оқ іздерінің видеосы тарады. Видео авторының айтуынша, бір адамға бірнеше ер адам шабуылдаған.

Алматы облысының полициясы бұзақылық әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

— Тергеу нәтижесінде қақтығыстың барлық қатысушысы бірнеше сағат ішінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір бұл қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, әрбір қатысушының әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі, — деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаменті.

Еске салсақ, Алматыда ес-түссіз күйдегі ер адамды пәтерінен көтеріп әкеткен еді.

Кейін полиция адам өлімі бойынша төрт күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.