Алматы облысында бірнеше ай бойы сталкинг жасаған ер адам жазаланды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының полициясы сталкинг жасаған ер адамды ұстады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл 13 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданының полициясына 31 жастағы әйел жүгінген. Оның айтуынша, 2025 жылдың күзінен бастап ер адам оны жүйелі түрде қудалап, қоңырау шалып, хабарламалар жіберген әрі қорқыту сипатындағы сөздер айтқан.
Аталған дерек бойынша полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы («Сталкинг») бойынша материалдар тіркелген. Жедел-іздестіру шаралары барысында 35 жастағы күдікті ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындаған.
— Тергеу бөлімшесінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде қылмыстық іс қысқа мерзімде — 2 сағат 35 минут ішінде аяқталып, сотқа жолданды. Сот талқылауының қорытындысы бойынша күдікті кінәлі деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді, — деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бұрынғы әйеліне сталкинг жасаған ер адам жазаланды.