Алматы облысында бүтін бір ауыл сусыз отыр – Мәжіліс депутаты

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы қаласына іргелес орналасқан Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында ауызсу тапшылығы жылдар бойы шешімін таппай келеді.

Алматы облысында бүтін бір ауыл сусыз отыр – Мәжіліс депутаты
Фото: AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы

20 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі бар болғанымен, техникалық жағдайы сын көтермейді. Құбырлардағы қысым тым әлсіз. Кейбір көшелерге мүлде су жетпейді. Тұрғындар тіршілікке қажетті суды түнгі уақытта ыдыспен жинап, күнделікті шаруаларын соған бейімдеуге мәжбүр.

– Қала іргесінде отырсақ та, суды шелекпен тасимыз. Көбіміз құдықтан ішеміз. Жерден 13–14 метр тереңдіктен алынған судың сапасы нашар. Тұнбасы, иісі бар. Мұндай суды ішу түгілі, кір жууға да келмейді. Құбыр тартылғанымен, қысым жоқ. Су тек түнде сыздықтап ағады. Қазір ауылдың тек 20 пайызы ғана орталықтандырылған сумен қамтылған. Біз Қаскелең топтық су құбыры жобасына да кірмейміз. Қазір суды «BeyAzhTrans» ЖШС мен «Таусамалы-Қызмет» МКК жеткізіп отыр. Бірақ олардың ұңғымалары әлсіз әрі тозған. Осы мәселені шындап көтеру үшін AMANAT партиясының Мәжіліс депутаттарын арнайы шақырттық. Олар келіп, халықтың жағдайын көріп отыр, - дейді ауыл тұрғыны, ардагер Егінбек Егеубеков.

AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы
Фото: AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы

Мәселені көзбен көріп, тұрғындармен ашық форматта пікірлесу үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Кемертоғанға арнайы келді.

Мәжіліс депутаты Максим Рожин
Фото: AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожиннің айтуынша, бұл мәселе бір жарым жыл бұрын Қаскелеңдегі қоғамдық қабылдауда алғаш рет көтерілген. Сол жолы 20-дан астам түйткіл тіркеліп, соның көбі шешімін тапқан. Ал қазір Кемертоған үшін ең өзекті мәселе – таза ауызсуға қол жеткізу.

– Қазір ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар әртүрлі тарифпен, сапасы күмән тудыратын жеке ұңғымалардан су тұтынып отыр. Қажетті құжаттар мен жер телімі дайын. Енді басты мақсат – республикалық бюджеттен қаржы тарту. Бұл мәселе Үкімет қарауына ұсынылды. Премьер-Министр тарапынан бақылауға алынды. Бюджет нақтыланғанда қаржы бөлінуі тиіс. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының тікелей бақылауында. Партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында инфрақұрылымды жаңғырту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген, - деді Мәжіліс депутаты Максим Рожин.

AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы
Фото: AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы
AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы
Фото: AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы

Оның сөзінше, жобалық-сметалық құжаттама аясында жалпы ұзындығы 184,8 шақырым болатын су құбыры, екі резервуар, үш насос станциясы, дизель генераторы және трансформаторлық қосалқы станция салу жоспарда. Құрылыс аяқталған жағдайда 20 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылатын болады.

Осыған дейін Алматының тау бөктеріндегі ауыз су мәселесі қашан шешілетіні туралы жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар