Алматы облысында «Дала дәмі» жәрмеңкесінде халыққа 365 тоннадан астам өнім ұсынылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі әр демалыс күні өңірдің түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Игі шара барысында барлығы 365 тоннадан астам 31 түрлі өнім халыққа ұсынылды. Сауда сөрелеріне ет, сүт, бал, балық өнімдері, түрлі жеміс-жидек пен көкөністер қойылды. Ал жәрмеңкедегі баға базардан 15-20 пайызға төмен. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрғындар сүт өнімдері, күнбағыс майы мен жұмыртқаны көптеп сатып алуда. Көкөністер, оның ішінде картоп, пияз бен қызанаққа және әйгілі апорт алмасына сұраныс жоғары. Мәселен, жәрмеңке басталғалы 45 тонна картоп, 30 тонна пияз және 31 тонна алма, 2 тонна сүт пен 95 000 дана жұмыртқа саудаланды.
Ел көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Дала дәмі» жәрмеңкесі нарықта отандық өндірушілердің үлесін арттыруға жол ашады. Өндіруші мен тұтынушы арасында тікелей байланыс орнатып, қос тарапқа да тиімді жағдай жасайды. Шара Алматы облысында 19 қыркүйек күні басталып, әр сенбі үзбей жалғасып келеді. Жергілікті шаруаларды қолдау ауылдағы өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Сондай-ақ өнімді өткізу нарығын кеңейтуге, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етіп, баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Жәрмеңкелерде негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатылуда. Сөреге қойылған өнімнің барлығы сапа стандарттарына толығымен сай келеді.
Ауқымды жәрмеңкенің бірі облыс орталығы Қонаев қаласында өтті. Таң сәріден «Айша сити» базарына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Солардың бірі — қала тұрғыны Ақмарал Әсенова.
— Жәрмеңкедегі баға көңілге қонымды. Әжептәуір ақшамды үнемдеп, керекті азық-түліктің бәрін сатып алдым. Бұл — біз үшін айтарлықтай демеу, — деді ол.
«Дала дәмі» жәрмеңкесі кәсіпкерлер мен шаруалар үшін өз өнімін таныстырып, делдалсыз саудалауға берілген жақсы мүмкіндік екені анық.
— Жәрмеңкеге өзіміздің кондитерлік өнімдерді ала келдік. Мұндағы жұрт бәліш пен тәтті тоқашымызды көп сұрайды. Ұсынып отырған өнімнің барлығы — табиғи таза әрі «Халал» сертификатына ие. Ал қойған бағамыз — қолжетімді. Келесі жолы бұдан да көп өнім түрін жәрмеңкеге әкелуді жоспарлап отырмыз, — дейді Талғар ауданынан келген Мұхит есімді кәсіпкер.
Айта кетейік, келесі жәрмеңке 24 қазан күні өтеді және жыл соңына дейін жалғасады.