Алматы облысында халықаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының полицейлері халықаралық іздеуде жүрген 40 жастағы ер адамды қолға түсірді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтың айтуынша, 22 ақпанда Алматы облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шарасы барысында халықаралық іздеуде жүрген 40 жастағы қылмыскерді ұстады.
«Айта кету керек, Жамбыл облысының полицейлері ұсталған адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша іс жүргізуді бастаған. Ұсталған ер адамның бірнеше ай бойы Алматы қаласының аумағында құқық қорғау органдарынан жасырынғаны анықталды», - деп жазды Бауыржан Әленов Facebook-тегі парақшасында.
Қазір ол Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.