Алматы облысында қандай алаяқтық фактілері жиі болады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында «Алаяқтыққа жол жоқ» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр.

Алматы облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Кеңесханұлының айтуынша, жыл басынан бері өңірде 550 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның ішінде 131 қылмыстық іс аяқталып, 114-і сотқа жолданды.
Ең көп тараған алаяқтық түрлері — банк қызметкері ретінде алдау, онлайн саудадағы және инвестициялық жалған ұсыныстар, сондай-ақ әлеуметтік көмек пен несие сылтаулары.
- Алдын алу аясында 15 ақпараттық акция өткізіліп, 25 000 парақша таратылды, 11 билборд пен LED-экран орнатылды. 120 мектеп, 3 колледж және университетте кибергигиена бойынша сабақтар жүргізілді, 10 мақала, әлеуметтік желілерде 30-дан астам бейнеролик пен үндеу жарияланды, - деді ол.
Сонымен қатар қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың бірнеше жаңа түрі белең алған:
- Банктік алаяқтық – жалған қоңырау арқылы азаматтарды қорқытып, жеке деректерін алу;
- Онлайн саудадағы алаяқтық – жалған парақшалар арқылы алдын ала төлем сұрау;
- Жалған инвестициялар – фейк жарнамалармен алдау;
- Дипфейк технологиясы арқылы алдау – «туыс» немесе «басшы» атынан ақша сұрау;
Фишинг – жалған сілтемелер арқылы логин, құпия сөз ұрлау.
Тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырып, күмәнді жағдай туындаса, бірден «102» нөміріне хабарласуды ұсынды.
Еске салайық, Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев 200-ден астам дроппер сотталғанын айтты.