Алматы облысында қанша саяжай елді мекендерге қосылады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының әкімдігі елді мекендерге қосылған саяжай учаскелерінің тізімін жариялады.

Алматы облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, қазір өңірде 677 саяжай тіркелген.
Саяжай алқаптарының ең көбі Қарасай ауданында – 203, Талғар ауданында – 151, Еңбекшіқазақ ауданында – 135, Іле ауданында – 118, Жамбыл ауданында – 21, Қонаев қаласында – 9 және жаңадан құрылған Алатау қаласында – 40.
2023 жылы Алматы облысы бойынша 367 саяжай массивін елді мекендерге қосу үшін қала құрылысы құжаттамасы әзірленіп, бекітілді.
Іле ауданы
88 саяжай алыбыі 8 ауылдың құрамына енгізілді. Атап айтқанда, КазЦИК, Көкқайнар, Жапек батыр, Косөзен, Байсерке, Қоянқұс, Комсомол, Жанаталап ауылдарына тиесілі саяжайлар енді заңды түрде елді мекендер шекарасына кірді. Бұл өзгерістердің барлығы Іле аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы шешімдерімен бекітілді.
Қарасай ауданы
6 елді мекеннің аумағына 102 саяжай енді. Оның ішінде:
•Қаскелең қаласына – 44,
•Қырғауылды ауылына – 21,
•Алмалыбақ ауылына – 26,
•Қошмамбет, Елтай және Долан ауылдарына – 11 саяжай массиві қосылды.
Бас жоспар 2024 жылдың ақпан айында аудандық мәслихат шешімімен бекітілді.
Талғар ауданында
6 елді мекен бойынша 93 саяжай елді мекен құрамына енгізілді. Бұл ауылдардың қатарында Кендала, Ақтас, Бесағаш, Тұздыбастау, Байбұлақ және Қызылту бар. Барлық жоспарлар 2024 жылдың 26 қаңтарында Талғар аудандық мәслихаты шешімімен бекітілді.
Еңбекшіқазақ ауданында
Байтерек ауылы мен Есік қаласына тиесілі 35 саяжай массиві елді мекендердің шекарасына енгізілді. Құжаттар 2023 жылдың желтоқсанында бекітілген.
Қонаев және Алатау қалалары
Қонаев қаласына – 9, Алатау қаласына – 40 саяжай массиві қосылды. Қалалардың бас жоспарлары Үкімет қаулысымен 2023 және 2024 жылдары бекітілді.
2024 жылы облыс бойынша 51 елді мекенге қатысты жаңа қала құрылысы құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Нәтижесінде, шамамен 15 383 жер телімі елді мекендердің шекарасына ресми түрде енгізілмек. Оның ішінде:
•Іле ауданында – 30 саяжай массиві,
•Талғар ауданында – 19,
•Қарасай ауданында – 27.
2025 жылы Қарасай ауданының Тұрар, Көлді, Бекболат, және Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылдарына қатысты 23 саяжай массивін заңдастыру бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Бұл жерлердің жалпы ауданы – 123,04 гектар.
Бұған дейін Алматы облысында 333 саяжай жақын маңдағы елді мекендерге қосылғаны туралы жазған едік.
Еске салайық, Алматы облысындағы Есік қаласының шекарасы екі есе ұлғайды.