Алматы облысында қызылшаны жұқтырғандардың 70%-ы - бала
ҚОНАЕВ.KAZINFORM - Алматы облысында қосымша иммундау шараларының арқасында қызылша жұқтыру көрсеткіші 7,2 есе төмендеді. Дегенмен де әлі де бес жасқа дейінгі балалар ауруды жиі жұқтырады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Қапсаламова қызылша ауруының таралу көрсеткішіне тоқталды.
Оның айтуынша, 2023–2024 жылдары өңірде қызылшаның 5 271 жағдайы тіркелсе, 2025–2026 жылдары бұл көрсеткіш 727-ге дейін төмендеген.
Аурушаңдықтың азаюына 2024–2025 жылдары жүргізілген қосымша вакцинация ықпал етсе керек. Сол кезеңде 118 мың адамға екпе салынды.
Маманның мәліметінше, қызылша жұқтырғандардың 74%-ы – бес жасқа дейінгі балалар. Ал науқастардың 73%-ы вакцина алмаған. Олардың ішінде:
* 30%-ы вакцина салдыру жасына жетпеген;
* 32%-на медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе жасалмаған;
* 38%-ы вакцина салдырудан бас тартқан.
Қызылша несімен қауіпті?
Қызылша – ауа-тамшы арқылы таралатын, жұқпалы вирустық инфекция. Иммунитеті жоқ адамдар арасында бір науқас 18 адамға дейін ауру жұқтыруы мүмкін. Оның үстіне адам бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын-ақ инфекция көзіне айналады.
Аурудың таралуын тежеу үшін ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 95% болуы қажет.
– Қызылшаны жеңіл ауру деп қабылдауға болмайды. Ол пневмония, отит және энцефалит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Инфекция әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті. Қызылшаның тағы бір ауыр салдары – жеделдеу склероздаушы панэнцефалит. Бұл ауру инфекциядан кейін бірнеше жылдан соң пайда болып, мидың үдемелі зақымдануына әкелуі мүмкін. Өкінішке қарай, әзірге оны толық емдеудің тиімді әдісі жоқ, – деді Сәулет Қапсаламова.
Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың негізгі жолы – вакцинация.
Қазақстанның ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы біріктірілген вакцина балаларға 12 айлығында және 6 жасында салынады. Вакцинаның екі дозасын алған адамдардың шамамен 97–99%-да қорғаныш иммунитеті қалыптасады.
Ал вакцина алмаған және қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған азаматтарға алғашқы 72 сағат ішінде шұғыл вакцинациядан өту ұсынылады.
Биыл балалардың 70%-ы екпе алған
Биыл Алматы облысында вакцинациялау жоспарланған 16 947 баланың 70%-ы екпе алған. Сонымен қатар 650 медицина қызметкері вакцинациядан өткен.
Қосымша иммундау аясында 18 жасқа дейінгі 3 212 балаға екпе салынды.
Эпидемиологиялық жағдайды бақылау мақсатында ұйымдасқан ұжымдарда 101 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде әкімшілік ықпал ету бойынша 37 шара қабылданған.
Өңірде 2026–2027 жылдарға арналған халықты профилактикалық екпелермен қамтуды арттыру жөніндегі кешенді жоспар да бекітілді.
Мамандар вакцинация көрсеткіштерін тұрақты бақылап, медициналық қарсы көрсетілімдердің негізділігін тексеріп, екпе алудан бас тартқан азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында қызылша жұқтырғандар саны көбейгені хабарланды.
Бұған дейін Атырау облысында қызылшамен ауырған бір жасар қыздың шетінеп кеткенін жаздық.