Алматы облысында қоқыс полигонында шыққан өртті сөндіріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында қоқыс полигоны таңертеңнен бері жанып жатыр. Кәсіпорынға бұрын заң бұзғаны үшін айыппұл салынған.
Алматы облысындағы қоқыс полигонындағы өртті сөндіру өрт жүктемесінің жоғары болуына байланысты қиынға соғып жатыр.

Өрт ошақтарының 10 метрден астам тереңдікте болуы және құбылмалы екпінді желдің, лак-бояу материалдарының болуы өрт сөндіру жұмыстарын күрделендіріп отыр. Бұл факторлар оттың таралуын күшейтіп, өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып отыр.

– Аталған ҚТҚ полигонын пайдаланып отырған кәсіпорын экологиялық және өрт қауіпсіздігі саласында заң бұзуға байланысты екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деп нақтылады ТЖМ.

Ведомство өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес, оларды сақтамағаны үшін жауапкершілік объектілердің меншік иелеріне, сондай-ақ ұйым басшылары мен мүлікті иеленуге, пайдалануға немесе басқаруға уәкілетті тұлғаларға жүктелетінін еске салды.

Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай ТЖМ бақылауында. Оттың жақын маңдағы аумақтарға таралу қаупі жоқ.
Айта кетелік Қызылордада рұқсатсыз қоқыс тасталған орындар саны 5 есе азайды.