Алматы облысында компания қызметкеріне 28 млн теңгелік протез сатып алып беретін болды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында өндіріс орнында алған жарақат салдарынан мүгедек болып қалған азамат жұмыс берушіні сот арқылы қымбат протез алып беруге міндеттеді.

Алматы облысында компания қызметкеріне 28 млн теңгелік протез сатып алып беретін болды
Фото: pexels

Іле аудандық сотында қаралған іс материалдарына сәйкес, талапкер еңбек міндеттерін орындау кезінде ауыр жарақат алып, соның салдарынан қол басы ампутацияланған. Кейін оған мүгедектік тағайындалып, еңбекке жарамсыз болып қалған.

Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы азаматтың өмір бойы протездеуді қажет ететінін растаған. Сот жарақаттың өндірісте болғанын және талапкердің қалыпты өмірге оралуы үшін жоғары технологиялық протез қажет екенін ескерді.

— Заңнама талаптарын ескере отырып, сот ЖШС-ны Ж.Е. үшін «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» АҚ-мен «Манифесто» микропроцессорлық басқаруы бар көпқармалы қол протезін дайындау және сатып алу туралы 28 606 425 (жиырма сегіз миллион алты жүз алты мың төрт жүз жиырма бес) теңге сомасына шарт жасауға міндеттеді, — делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Шарт сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде жасалуға тиіс. Сонымен қатар компания протездің нақты сатып алу кезіндегі құнын толық төлеуге, сондай-ақ протездеу кезеңінде медициналық стационарда тұру шығындарды өтеуге тиіс.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өндіріс орнындағы жарақат алу деректерін анықтау мәселесіне қатысты түсінік берген еді.

Ал Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек қауіпсіздігіне қатысты KPI енгізуді ұсынып, оның орындалуы басшылардың жалақысы мен қызметте қалуына тікелей әсер етуі керегін айтты.