Алматы облысында құрылысы бітпеген 5 нысан бұзылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында құрылысы ұзаққа созылған жеті нысан бар. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

Алматы облысында құрылысы бітпеген 5 нысан бұзылады
Фото: Алматы әкімдігі

Ведомстводан мәлім еткендей, олардың бесеуі бұзылады. Бұл – нысандарды бастапқы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігінің болмауына немесе экономикалық тұрғыдан тиімсіздігіне байланысты қабылданған шешім.

Сонымен қатар бір нысан бойынша сот шешімімен құрылыс уақытша тоқтатылған, тағы бір ғимараттың құрылысы жалғасып жатыр.

Құрылысы аяқталмаған нысандар тізімі:

– Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округіне қарасты Жанатұрмыс ауылындағы көпқабатты «Еco-Рark Аlatau» тұрғын үй кешенің құрылысы жалғасып жатыр.

– Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысын тоқтату туралы іске қатысты апелляциялық шағым қаралып жатыр.

– Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Желтоқсан көшесі, 10а мекенжайында орналасқан «Алтын-Бөбек» балабақшасына тиесілі спорт кешенін (бассейн) – бұзу туралы шешім қабылданды.

– Талғар ауданы, Алатау ауылдық округі, Байбұлақ ауылының №474 жер телімінде құрылысы бітпеген көпқабатты тұрғын үй кешені сүріледі.

–Талғар ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Байбұлақ ауылындағы №592 жер теліміндегі көпқабатты тұрғын үй бұзылады.

– Талғар ауданы, Гүлдала ауылы Жібек жолы көшесі, 21А мекенжайындағы коммерциялық нысан бұзылатын болды.

– Талғар қаласы, Баянауыл көшесі, 6 мекенжайындағы коммерциялық нысан сүріледі.

Былтыр Алматы облыстық құрылыс басқармасы ауқымды тексеру жүргізіп, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың жүздеген фактісін анықтады. Нәтижесінде 78 әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске салайық, 2023 жылы облыста 711 әкімшілік іс қозғалып, олардың нәтижесі бойынша бірнеше нысанды бұзу туралы шешім қабылданған болатын. 

Соңғы жаңалықтар