Алматы облысында МӘМС есебінен 28 мыңға жуық ота жасалды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысында биыл МӘМС арқылы 27 700 ота жасалған. Бұл туралы ӘМСҚ Алматы облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев баспасөз мәслихатында баяндады. 

Алматы облысында МӘМС есебінен 28 мыңға жуық ота жасалды
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Қордың Алматы облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, тұрғындар жыл басынан МӘМС аясында жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеге медициналық көмек алған.
Көрсетілген қызметтердің ішінде стационарлық көмек пен қымбат диагностикалық қызметке сұраныс жоғары.

Сонымен қатар 2 млрд теңгеге медициналық оңалту қызметі көрсетілген және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 12,6 млрд теңгеге 570 мыңнан астам рецепт жазылған.

- Денсаулық сақтау саласында әлі де бірқатар мәселелер бар. Биыл өңірдегі клиникаларда сомасы 1,7 млрд теңгеге 291 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді. Олардың қатарында емдеу-диагностикалық стандарттардың сақталмауы, қызмет құнын негізсіз көтеру сынды деректер анықталды. Одан бөлек, филиал сарапшылары көрсетілмеген қызметтерді тіркеу бойынша 438 жағдайды анықтап, аталған жағдайлар бойынша айыппұл салынып, 14 млн теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылды, - деді ол.

Сондай-ақ жыл басынан бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына облыс тұрғындарынан 2 610 өтініш түскен, оның 1 218-ы – шағым. Тұрғындар көбіне емханалардағы ұзақ кезек, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі және стационарлық көмек сапасының төмендігіне шағымданады.

Айта кеткен жөн, бүгінгі күні Алматы облысында 1,3 миллионнан астам тұрғын сақтандырылған болса, 295 мың тұрғын әлі де МӘМС жүйесіне тіркелмеген.

Еске салайық, бұған дейін алматылықтарға МӘМС есебінен 1 мыңнан астам консультативтік қызмет көрсетілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар