Алматылықтарға МӘМС есебінен 1 мыңнан астам консультативтік қызмет көрсетілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2024 жылы алматылықтар МӘМС есебінен 1156 консультативтік-диагностикалық қызмет түрін пайдаланған. Осы жылдың 9 айында Медициналық сақтандыру қоры аталған қызметтерге 18,1 млрд теңге жұмсады. Бұл туралы МСҚ Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сәйкес, мегаполис тұрғындары арасында акушер-гинекологтарға сұраныс жоғары. Одан кейінгі орындарға офтальмолог, неврапотолог, хирург, оториноларинголог және эндокринолог мамандар жайғасқан.
Алматы тұрғындары алған ең қымбат анализ — геннің мутацияға ұшырау деңгейін анықтайтын KRAS анализі. МӘМС пакетінде бұл анализ шамамен 108 мың теңге тұрады.
Ал консультативтік-диагностикалық қызметтер арасында ең қымбаты — MARS жасанды бауыр аппараты арқылы жасалатын альбуминді диализ, құны 2,1 млн теңге. Медициналық көмектің бұл түрі бауыр жеткіліксіздігімен ауыратын науқастарға көрсетіледі.
Компьютерлік диагностика арасындағы ең қымбаты — бір фотонды эмиссионды компьютерлік томография, құны 87 мың теңге.
— 2024 жылдың 9 айында 35 мың компьютерлік томография жасалды, оған Қор 594,8 млн теңге төледі. Сонымен қатар 48 мың МРТ қызметі үшін 686,8 млн теңге төленген, — деді МСҚ Алматы филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.
Еске салайық, бұдан былай шетелге көшіп кеткен азаматтарға МӘМС аясында дәрі-дәрмек рәсімдеу мүмкін емес.