Алматы облысында мектеп түлектерінің автокортежі жол ережесін өрескел бұзған
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында мектеп түлектері отырған көлік кортежі жол ережесін өрескел бұзған.

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының бойында жолды жауып, оңды-солды жүрген көліктердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол ережесін өрескел бұзған автокортеждің барлық қатысушысы ұсталған. Кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін сотқа 17 заң бұзу бойынша материалдар жіберілген. Олардың қатарында қауіпсіздік белдіктерінің болмауынан бастап, апатты жағдай туғызу дерегіне дейін заң бұзу бар.
— Көліктер арнайы автотұраққа қойылды. Кәмелетке толмаған жолаушылардың ата-аналары да өз міндеттерін тиісті түрде орындамағаны үшін жауапқа тартылады. Полиция азаматтарды жол ережелерін сақтауға және балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырады, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, биыл елімізде 217 мың түлек мектеп бітіреді.