Алматы облысында орналасқан танымал туристік ауылда жер дауы туындады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Көлсай көлдерінің етегінде орналасқан Саты ауылында жерге қатысты дау шықты. Жергілікті тұрғындар ауылдың бұрынғы басшылығын жер телімдерін заңсыз сатқан деп айыптап отыр.

Бұл туралы ауыл тұрғындары Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевпен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу барысында мәлім етті. Осы ауылда 40 жылдан бері тұрып келе жатқан Ерболсын Ахметов өз оқиғасын айтты.

— Ата-анам бұл жерде өмір бойы егін егіп, картоп, орамжапырақ, сәбіз өсірді. Салық төлеп, осы жерде еңбек етті. 2016–2018 жылдары үй салғымыз келді, бірақ сол кездегі ауыл әкімі Әлібек Ыбраев бұл жер телімі жайылым үшін арналған деп, құрылысқа рұқсат бермеді. Ол әкемнің мемлекеттік актісін «тексеремін» деп алып кетті. Кейін бізге бұл 50 сотық жердің бөлініп, басқа адамдарға сатылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, ауылдың басқа жағындағы шаруа қожалығы үшін бөлінген жеріміз де осындай тағдырды бастан кешті, - деді Ерболсын Ахметов.

Ол сондай-ақ 20 жылдан бері жер алу кезегінде тұрғанын, бірақ әлі күнге дейін оны ала алмағанын айтты. Дәл осындай жағдайға басқа ауыл тұрғындары да тап болған.
Аудан прокурорының өкілі азаматтарды өз талап-арыздарын заңға сәйкес ресми түрде тапсыруға шақырды — барлық мән-жай бойынша құқықтық тексеріс жүргізіледі.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өз кезегінде бұл жер телімдерінің 9–10 жыл бұрын сатылғанын, олардың заңдылығын прокуратура тексеретінін жеткізді.

Ол өзі әкім болып тағайындалған уақыттан бері Саты ауылында бірде-бір жер телімі бөлінбегенін атап өтті.
— 10 жыл бұрын ешкім Сатының туристік аймаққа айналатынын білген жоқ. Ол кезде жұрт жерін тастап, ауылдан кетіп жатты. Қазір мұндағы 1 сотық жердің бағасы 1–1,5 миллион теңгеге жетті. Сондықтан жерге деген қызығушылықтың артқаны түсінікті, — деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Сонымен қатар ол жергілікті тұрғындардың «жер инвесторларға беріліп жатыр» деген шағымына жауап берді.
— Заң бәріне ортақ. Әкімдік ешқандай инвесторға жер сатпайды. Олар жерді жергілікті тұрғындардан өздері сатып алып жатыр. Әрине, заманауи қонақүйлер, дәмханалар, туристік аймақтардың салынуы — жақсы. Ол жұмыс орындарын ашып, ауыл экономикасын жандандырады. Бірақ қайталап айтамын, бұл нысандар тұрғындар өз еркімен сатқан жер телімдерінде салынып жатыр. Егер өздері сатса, бұл — олардың құқығы, - деді аудан басшысы.

Әкімдіктің мәліметінше, қазір Саты ауылында 100-ден астам туристік бизнес нысан тіркелген, барлығы жеке инвестиция есебінен салынған.

Ауыл әкімі Нұрым Сағымжанның сөзінше, 2018 жылдан бері Сатыда жердің бағасы айтарлықтай өскен. Оның айтуынша, бұл өңірге тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен емес, шетелден де инвесторлар қызығушылық танытып отыр.
— Біз жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Көбі жылдар бойы кезекте тұрып, қазір неге жер ала алмайтынын сұрайды. Басым бөлігінің жері болған, оны өздері сатып жіберген, - деді ол.
Аудан әкімі қазір Саты ауылында бос жер телімдері жоқ екенін мәлімдеді. Егер 2007 жылы жер алу кезегінде 180 адам болса, қазір 1800-ге жеткен. Дегенмен жаңа учаскелер әзірге берілмейді.

Аудан басшысының айтуынша, биыл ауылдың жаңа бас жоспары бекітіледі. Оған сәйкес ауыл аумағы 980 гектарға кеңейеді. Осыдан кейін жер телімдері тек ресми түрде кезекте тұрған, заңды құқығы бар азаматтарға ғана берілмек.


Еске салайық, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталды.
Осыған дейін өңірде туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жобалар қолға алынғаны туралы жазған едік.