Алматы облысында өрт салдарынан 2 адам мерт болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Іле ауданы Кенен Әзірбаев ауылында 3 үйді жалын шарпыды.

Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйлердің толықтай өртке оранғаны анықталған. Қоңыраудың кеш түсуі өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқан.

— Өртті сөндіруді жоғары температура, қатты түтін мен ғимараттардың құрылыс ерекшеліктері қиындатты. Сондай-ақ тар өткелдер мен тығыз салынған құрылыс қосымша кедергі болды — ғимараттар арасындағы қашықтық небәрі 1,5–2 метр еді. Өрт орнынан екі адамның мәйіті табылды, тағы бір адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады Алматы облысы ТЖД.

Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД күштері мен құралдарынан 18 адам және 6 техника тартылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда базардағы ірі өрт сөндірілді.