Алматы облысында референдумға дайындық қалай жүріп жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысының Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова 2024 жылдың 6 қазанында өтетін референдумға дайындық қалай жүріп жатқанын айтты. Бұл референдумда ел тұрғындары АЭС құрылысына байланысты дауыс береді.

Мейрамгүл Айтованың айтуынша, облыс бойынша референдум өткізуге барлығы 643 сайлау учаскесі құрылып, арнайы жабық учаскелер де ашылған. Референдумға дайындық жұмыстары аясында облыстың 9 ауданы мен Қонаев және Алатау қалаларында көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Қазірдің өзінде 1700-ге жуық комиссия төрағалары, орынбасарлары және хатшылары оқытылып, сертифика алған. Оқыту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Сондай-ақ ол облыстық комиссияның ресми интернет-ресурсында «Референдум-2024» атты бөлімше құрылғанын айтты. Бұл бөлімде үнемі инфографика, бейне және аудиоматериалдар сияқты медиа-контент жарияланып отырады. Оған қоса, сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін аймақтық ақпараттық технологиялар басқармасымен бірлесіп, сайлау учаскелерінің электронды картасы әзірленген. Бұл карта арқылы сайлаушылар өз учаскесін оңай тауып, оның орналасқан жерін бір ғана басу арқылы картадан көре алады.
- Барлығы референдумға Алматы облысының 994 мыңнан астам тұрғыны дауыс бере алады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да қатысуына барлық жағдай жасалған. Дауыс беру өтетін ғимараттардың кіреберісінде мүгедектерге арналған пандустар мен тұтқалар орнатылған. Дауыс беру күні облыстың 11 қала мен ауданында инватакси қызметі жұмыс істейді. Сондай-ақ, сурдотіл мамандары мен әлеуметтік қызметкерлердің көмегін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған”, – деді Мейрамгүл Айтова.
Дауыс беру күні облыстың 477 учаскесінде онлайн-сервистер арқылы сайлаушылардың тіркеуін тексеру мүмкіндігі ұсынылады. Уақытша тіркеу қажет азаматтар үшін арнайы 5 учаске (Қонаев қаласында – 2, Қаскелең, Талғар және Есік қалаларында бір-бірден) болады. Бұл учаскелерде азаматтар ХҚКО арқылы уақытша тіркеліп, өз дауысын бере алады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда референдумға дайындық қалай жүріп жатқанын жазған едік.