Алматы облысында шегірткемен күреске жергілікті бюджеттен 201,7 млн теңге бөлінді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында биыл 41 589 гектар алқапта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 18 680 гектар алқап жеңіл ұшақпен өңделсе, 22 909 гектарға жер үсті тәсілі қолданылады.
«Үйірлі емес шегіртке зиянкестеріне қарсы 24 бірлік арнайы техника, оның ішінде 4 бүріккіш дезинфекциялық қондырғы, 10 бүріккіш, 4 арнайы техника, 3 тіркемелі тракторлық бүріккіш және 3 аса жеңіл әуе кемесі, сондай-ақ қосалқы техника жұмылдырылады», - деп атап өтті Алматы облысы әкімдігінен.
Биыл шегірткелерге қарсы өңдеуге жергілікті бюджеттен 201,7 млн теңге бөлінді.
Қазір шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында жер үсті тәсілімен жүргізіледі.
Облыс бойынша шегірткеге қарсы 2 253 гектар немесе 9,8% химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.