Алматы облысында су қоймалары мемлекет меншігіне қайтарылды: олардың жағдайы не болмақ
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында 8 су нысаны мемлекеттік бақылауға қайтарылды. Оның бесеуі сот арқылы, ал үшеуі өзара келісім негізінде өтті.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, мұндай шешім 2024 жылы жеке басқарушы компаниялармен жасалған келісімшарттар талаптарының бұзылуы анықталғаннан кейін қабылданды.
Сот тәртібімен мына нысандар қайтарылды:
– Есік көлі бөгеті,
– Саз Талғар 7,
– Байсерке 2,
– Ворошиловское,
– К 3.
Келісім негізінде қайтарылған нысандар:
– Терен Қара (жоғарғы),
– Саз Талғар 4,
– К30/1.
Қазір бұл нысандар облыс әкімдігіне қарасты Аламаты облысы су шаруашылығы мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына берілді. Барлық нысан Талғар, Іле және Қарасай аудандарында орналасқан.
Су қоймаларын не күтіп тұр?
Нысандар мемлекеттік меншікке өткеннен кейін, билік оларды уақтылы жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Жоспарда дамбаларды нығайту, су жіберу шлюздерін жөндеу, су қоймаларының жағдайын, әсіресе су тасқыны кезеңінде, бақылауды күшейту және нысандарды тұрақты мониторингтен өткізу бар.
Сонымен қатар, су қоймаларын әрі қарай пайдалану үшін жеке инвесторларды тарту көзделіп отыр. Мысалы, «Есік көлі бөгеті» мен «Терен Қара» нысандарына 23 млрд теңгеден астам инвестиция тарту туралы келісім жасалды, ол 210 жаңа жұмыс орын ашуға мүмкіндік береді.
– Біздің басты мақсатымыз – су ресурстарын тиімді пайдалану. Нысандарды мемлекеттік басқаруға қайтару олардың уақытылы жөнделуіне және дұрыс пайдаланылуына мүмкіндік береді. Ал инвестиция тарту – өңірдің дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне және бюджет кірісінің артуына ықпал етеді,– деп атап өтті Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова.
Осыған дейін Алматы облысында 8 су қоймасы мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік.