Алматы облысында «субсидия алып беремін» деп 30 млн алған алаяқ ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қарасай ауданының тұрғындары аудандық полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша арызданған. Жәбірленушілердің айтуынша, бейтаныс әйел мемлекет беретін өтеусіз гранттарды алуға, сондай-ақ тұрғын үй қорынан пәтер алуға көмек көрсетуге уәде еткен. Залалдың жалпы сомасы 30 миллион теңгеден асты.

Ірі компаниядан 33 млн теңгені алаяқтық жолмен заңсыз иеленген азамат ұсталды
Фото: Рүстем Айтхожин / Kazinform

— Алаяқ сенімді азаматтарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде берілетін өтеусіз грант алуға көмектесуге уәде берді. Бұл ретте қажетті шығыстарға, сондай-ақ жаңа бизнесті бастауға және дамытуға өтінімдерді мақұлдау үшін берілетін мемлекеттік грант көлемінің 10%-ын төлеу қажет деп мәлімдеді. Сонымен қатар, алаяқ мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру бойынша алаяқтық схемалармен жұмыс істеді. Барлығы тек уәде күйінде қалды, - деді Қарасай аудандық полиция бастығы Елзат Қанатұлы.

Алматы облысы Полиция департаменті мәліметінше, алаяқ анықталып, ұсталған. Ол жергілікті тұрғын. Сондай-ақ қазіргі уақытта оның 10-нан астам осындай қылмыстарға қатысы бар екендігі дәлелденген. Тергеу кезеңінде күдікті үй қамауында ұсталады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда басшысын балтамен өлтірмек болған күдікті ұсталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар