Алматы облысында тұрғын үй ауласынан жыландар табылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Еңбекші ауылында жеке тұрғын үй ауласынан екі жылан табылып, қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл туралы өңірдегі төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, «112» пультіне жыландардың жүргені туралы хабарлама түскеннен кейін, оқиға орнына Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағы дереу жіберілген.
- Құтқарушылар арнайы құрал-жабдықтарды пайдаланып, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, екі жыланды ұстаған. Бауырымен жорғалаушылар адам өміріне қауіп төндірмейтіндей, табиғи ортаға шығарылды, - делінген ақпаратта.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жаз мезгілінде жылан мен өзге де бауырымен жорғалаушылардың белсенділігі артатыны жөнінде ескертіп, мынадай сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертті:
-
Аула мен үй айналасын қоқыс пен шөп-шаламнан тазалап отыру;
-
Қоршау мен дуалдардың бүтіндігін тексеру;
-
Жылан көрген жағдайда оны өз бетімен ұстауға тырыспау;
-
Дереу «112» қызметіне хабарласу.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларда тұрғындардың дұрыс әрекет етуі — қауіптің алдын алудың басты кепілі.
Айта кетейік, мамыр айында да Алматы облысында құтқарушылар аулаға кіріп кеткен жыландарды ұстаған.