Алматы облысында үш аптаның ішінде жол апатынан 10 адам қаза тапты
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Алматы облысында жол апатынан 125 адам зардап шегіп, 10 тұрғын қаза тапты.

— Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы. 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында 73 жол апаты тіркелді, — деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінен.
Соның салдарынан 125 адам түрлі дене жарақатын алса, 10 адам көз жұмды.
— Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылармен күнделікті профилактикалық әңгімелер өткізіп, жолдарда ережелерді сақтау және сақтықты арттыру қажеттігін еске салады. Қолайсыз ауа райында апаттардың санын азайту және жол қозғалысының барлық қатысушысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуекелі жоғары учаскелерде патрульдеу күшейтіледі, — деп атап өтті ведомстводан.
Осыған дейін Алматы-Бішкек автожолында адам өліміне әкелген жол апаты туралы жазған болатынбыз.