Алматы облысында үш жасар қызды әуеден де, су астынан да іздеп таба алмай жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында үш жасар баланы іздеуге Қазавиақұтқару тікұшағы тартылды.
Кеше Алматы облысының Куш ауылында 3 жасар қыз баланың жоғалғанын хабарлаған едік.
17 наурыз сағат 21:44-те Алматы облысы құтұқару қызметіне Еңбекшіқазақ ауданының Безымяное көлі Куш ауылының маңында 2021 жылы туған қыздың жоғалып кеткені туралы хабар түскен.
Ол сол күні 16:30-да ересектердің қарауынсыз қалып, үйден шығып кеткен.
Іздеу орнында жедел штаб құрылды. Іздеу жұмысына 300-ге жуық адам және 80-ге жуық техника, тепловизоры бар 4 пилотсыз ұшу аппараты, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды.
Бірінші күннен бастап құтқарушылар тізіліп қарау әдісімен жер бетінен іздеді.
РЖҚЖ құтқарушылары 30 метр қашықтықта орналасқан су айдынына сүңгіп іздестіруде, сондай-ақ тартылған күш-құралдар оқиға орнында және су айдынының жағалау сызығы бойынша иісшіл иттерді пайдалана отырып іздеп жатыр.
Барлық мүмкін жерлер тексерілуде.
Үздіксіз байланысты қамтамасыз ету үшін оқиға орнында ТЖД командалық-штабтық машинасы орналасқан.
Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.