Алматы облысында заңсыз ғимарат бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Заңсыз құрылыс нысаны Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Бәйдібек би ауылында сот шешімімен бұзылды.
Еңбекшіқазақ аудандық соты Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тиісті құжаттарсыз салынған ғимаратты бұзу туралы талап-арызын қанағаттандырды. Нысанның меншік иесі – жеке тұлға. Ол объектіні заңды құжаттарсыз тұрғызған.

«Еңбекшіқазақ аудандық сотының шешімімен басқарманың талап-арызы қанағаттандырылды. Бұрын меншік иесіне ерікті түрде бұзу туралы хабарлама жіберілген. Сот шешімін орындауға қожайын тарапынан ешқандай әрекет болмағандықтан, нысанды сот орындаушылары бұзды. Ауданда заңсыз құрылысты бақылау күшейтіліп, 4 коммерциялық нысан бұзылды», – деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігінен.
Сондай-ақ бүгінгі күні Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тағы 7 заңсыз құрылысты бұзуға талап-арыз жолдаған. Олардың ішінде Бәйдібек би ауылындағы тағы екі заңсыз нысанды бұзу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының «Қайрат» шағын ауданында ірі құрылыс нысаны бұзылғанын жазғанбыз.