Алматы облысында жаңа оқу жылында 350 мыңнан астам бала білім алады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында жаңа оқу жылында 350 мыңнан астам оқушы білім алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы айтты.

– 2024-2025 оқу жылында өңірде 1 747 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың ішінде 473 жалпы білім беретін мектеп, 1 161 мектепке дейінгі мекеме, 40 колледж және 33 қосымша білім беру ұйымы. Жаңа оқу жылында 351 796 оқушы білім алады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артық, - деді Салтанат Дауыспекқызы.
Сонымен қатар басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта 22 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған мектептерде бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және турникеттер орнатылып, 117 мектеп полицияның жедел диспетчерлік пункттеріне қосылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жер сілкінісінен қабырғалары жарылған мектептің оқушылары биыл қалай білім алатынын жазғанбыз.