Алматы облысында жасөспірім қызға есірткі беріп, зорлаған күдікті ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Адвокат Айжан Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жантүршігерлік жағдай туралы хабарлады.

— Президентке үндеу! Бас прокурордың назарына! Кәмелетке толмаған қызды «есірткіге отырғызған» және зорлаған. Бірақ Алматы облысы, Қарасай ауданының полиция қызметкерлері тек бір адамды қамаған. Басқалары бостандықта жүр. Неге? — деп жазды Айжан Омарова.
Алматы облысының Полиция департаменті аталған жағдай бойынша бір күдікті ұсталғанын растады.
— Күдікті ұсталып қамауға алынды. Полиция қажетті сараптамаларды тағайындаумен қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу іс-шараларының барлық кешені жүргізілуде. Тергеу барысы облыстық департамент басшылығының ерекше бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды, — деп хабарлай ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында құны 2 млн теңге болатын вейптер тәркіленгенін жазған едік.