Алматы облысында жыл басынан бері 9 адам суға батып кеткен
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Шомылу маусымы кезінде қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін кешенді іс-шаралар жұргізіліп жатыр.

Алматы облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Самат Кенжеханның айтуынша, жыл басынан бері 9 адамның суға бату дерегі тіркелген. Сондықтан су айдындарында қауіпсіздік күшейтілген. Жалпы өңірде 103 рұқсат етілген жағажай бар. Ал қауіпті 87 учаскеге 200-ден астам қауіпсіздік белгісі орнатылған.
— Құтқарушылар мен волонтерлер күнделікті рейд жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қапшағай су қоймасында қауіпсіздікті қашықтықтан бақылауға арналған мониторинг жүйесі орнатылған, жедел әрекет ету үшін 31 жүзу құралы мен 45 сүңгуір жабдығы дайындалған. Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 93 азамат жауапқа тартылып, 1 млн 418 мың теңгеден астам айыппұл салынды, — деді Самат Кенжехан.
Ал Төтенше жағдайларды алдын алу басқарма бастығының м. а. Қырғыз Ерназар соңғы уақытта балалардың терезеден құлау фактісі жиілеген атап өтті.
Қонаев қаласында — 2, Қарасай ауданында — 1 бала биіктен құлап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
— Қауіпсіздікті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында жоғары қабатта пәтері бар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылып жатыр», — деді Қырғыз Ерназар.
Еске салайық, бұған дейін Қапшағайда депутаттың көз алдында жас қыз суға батып кеткенін жазғанбыз.