Алматы облысында жол қызметкерлері жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 9 қараша күні Шелек ауылында кәріз желілерін қайта жөндеу учаскесінде жол апаты болды. Мердігер ұйым қажетті ескерту белгілерін орнатпай, жол бойында топырақ пен үйінді қалдырып кеткен.
Тoyota Camry көлігін басқарған жүргізуші әйел жолдың ортасында үйіліп тұрған топыраққа кіріп кетті. Салдарынан зардап шеккен жүргізуші аудандық ауруханаға жатқызылды.
«Еңбекшіқазақ ауданының полицейлерімен қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамаған және жолда ескерту белгілерінсіз кедергі қалдырған қосалқы мердігер анықталды. Жолдарда жұмыс жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін мердігер ұйым айыппұл санкцияларымен қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды»,-деп хабарлады ведомстводан.
Жыл басынан бері автожолдарға 2027 зерттеу жүргізілді, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды.
«Жол-коммуналдық ұйымдардың 281 лауазымды тұлғасы автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды»,- деп атап өтті департаменттен.
Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 29 жауапты тұлғаға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жолданды.
Осыған дейін Алматы облысында ауылдасының бір үйір жылқысын ұрлаған ер адам туралы жазған едік.