Алматы облысында жөнделмеген жолға наразы тұрғындар тасжолды жауып тастаған

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Кеше Алматы облысының тұрғындары «Кеген-Нарынқол» жолын жауып тастады.

жолды жапты
Фото: Видеодан алынған скрин

Тұрғындар қомақты қаражат бөлінген жолдың жөнделмей жатқанына наразы. Олардың айтуынша, ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясынан 7,9 млрд теңгенің тендерін жеңген мердігер «Нұрлы Жол-7» ЖШС тиісті жұмыстарды бастамай отыр.

ҚазАвтоЖол компаниясының ресми жауабына сәйкес, Алматы облысында республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» автожолының 0-74 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылдың көктемінде мердігер анықталған. Жобаны жүзеге асыру 2025–2026 жылдарға жоспарланған.

— Қазіргі уақытта мердігер жол-құрылыс жұмыстарына дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Нысанға 30-дан астам арнайы жол-құрылыс техникасы мен 45 жұмысшы жұмылдырылды. Мердігер тарапынан ұсату-құмдау қондырғысы іске қосылды. Сағатына 160 тонна өнім шығаратын асфальтбетон зауытының монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Асфальтбетон зауытының іске қосу жұмыстарын 2025 жылғы 20 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп хабарлады компаниядан.

Одан бөлек ҚазАвтоЖол жауабында ұсату-құмдау жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылған. Жақын арада тағы екі ұсату-құмдау қондырғысы қосылмақ.

— Өңірдің күрделі климаттық жағдайларын және жауын-шашынның жиі түсу ықтималдығын ескере отырып, асфальтбетон зауыты пайдалануға берілгенге дейін жол жамылғысын ашу жұмыстарын бастамау туралы шешім қабылданды. Бұл жер төсемінің ылғалдануын болдырмауға және жұмыстың одан әрі орындалуына кедергі келтірмеуге бағытталған, — делінген жауапта.

Сонымен қатар ҚазАвтоЖол компанияның Алматы облыстық филиалы жергілікті тұрғындармен бірнеше рет кездесу ұйымдастырып, алдағы жол жөндеу жұмыстарының кезеңдері мен жоспары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Абай даңғылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін қашан ұзартылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар