Алматы облысындағы ауданда негізсіз көтерілген су тарифі төмендетілді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғар ауданының прокуратурасы тұрғындарға су жеткізетін «Alatau Public Utilities» ЖШС белгілеген тарифтердің негізділігіне талдау жүргізді.

Қызылордада 5 жылдан кейін су тарифі көтерілді
Фото: "Қызылорда су жүйесі" мекемесі

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, бұған дейін кәсіпорынның тариф саясаты әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, тұрғындардың наразылығын тудырған. Талдау нәтижесінде тарифтердің негізсіз көтерілгені анықталып, аудан халқы пайдаланған су үшін артық ақы төлегені белгілі болды.

- Талғар ауданындағы кәсіпорынның қарамағында 47 ұңғыма бар, олар 150 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз етеді. Бір текше метр су үшін тариф 132 теңге мөлшерінде белгіленген. Алайда осы 37 ұңғыманың салығы төленбеген. Себебі олар тіркелмеген және жер учаскелеріне мемлекеттік актілері жоқ, арнайы су пайдалану рұқсаттары алынбаған. Мұндай салықты тек арнайы су пайдалану рұқсаты бар субъектілер ғана төлеуге тиіс. Сондықтан бұл шығындар тариф құрамына заңсыз енгізілген деп танылды, - деп хабарлады прокуратурдан.

Прокуратураның қадағалау актісімен бұл қаржы тарифтен алынып, су бағасы 132 теңгеден 129 теңге 9 тиынға дейін төмендетілді. Қазір кәсіпорын прокуратура актісінің негізінде ұңғымаларды түгендеу және құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда суық су мен кәріз қызметінің тарифтері төмендеді.

 

Соңғы жаңалықтар