Алматы облысындағы өрт оқшауланды
АСТАНА. KAZINFORM - Кеше Қарасай ауданының Шамалған ауылдық округінде таулы жерлерде мемлекеттік жер қоры аумағында құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің басспасөз қызметі.

Тілсіз жаумен күреске 147 адам мен 21 техника тартылды, сондай-ақ ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы 17 рет су төгіп (51 тонна), 30 гектар алаңдағы оттың таралуын тоқтатты.
Өртті сөндіру жердің тік рельефі, биік өсімдіктер, желдің екпінді боулуы және кірме жолдардың жоқтығынан қиындады.
Құтқарушылар адамдарға қауіп төндірмеу және жабайы табиғатты аман қалдыру үшін күндіз-түні жұмыс істеп, ТЖД бастығы жеке өзі оқиға орнында болып, олардың іс-қимылдарын үйлестірді.
- Жағдай бақылауда, елді мекендерге қауіп жоқ, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматы облысында өрттен үш адам қаза болғаны туралы жаздық.