Алматы облысының Есік көлінде демалушылардан 2 рет заңсыз төлем алынған

  ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Есік көліне кіреберісте азаматтардан екі рет төлем алынып келген. 

Алматы облысының Есік көлінде демалушылардан 2 рет заңсыз төлем алынған
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Бұл туралы әлеуметтік желіде көлге келген демалушылар шағымданды. Ондағы мәліметке сәйкес, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркіне кіреберісте экологиялық бекеттен ресми төлем алынса, 10 шақырым өткеннен кейін жекеменшік деген желеумен тағы да ақша алынған. Атап айтқанда: адам басына 2 мың, жеңіл көліктерге 2,5 мың, мироавтобустар 5 мың, үлкен автобустар 20 мың.

Алматы облысының әкімдігі «Хабель» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартына сәйкес туристерден төлемақы алу қарастырылмағанын хабарлады.

— Басқарушының мұндай әрекеттері оның өкілеттігінен тыс әрі шарт талаптарын бұзады. Көліктерден алынатын төлемақы тек Іле-Алатау ұлттық паркі аумағында заңнамаға сәйкес белгіленген, — деп хабарлады әкімдіктен.

Облыс әкімдігі «Хабель» ЖШС-не заңсыз төлемақыны тоқтату және орнатылған шлагбаумдарды алып тастау туралы хабарлама жолдаған. 17 тамыздан бастап Есік көліне кіреберістегі шлагбаумдар алынды.

Еске салайық, биыл Алматы облысындағы Есік қаласының шекарасы екі есе ұлғайды.

Соңғы жаңалықтар