Алматы облысының қандай елді мекендеріне газ тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Алматы облысының бірқатар елді мекеніне газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— Энергетика министрлігі тарапынан 2024 жылы Алматы облысын газдандыру үшін 9,3 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Нәтижесінде 27 мың адам немесе 10 елді мекен газға қосылып, облысты газдандыру деңгейі 77 пайызға жетті. 2025 жылға бекітілген бюджетте Талғар ауданының Дәулет ауылын газдандыруға 250 млн теңге қарастырылған, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Миинстрдің атап өтуінше, 2025 жылдың бюджетін бірінші нақтылау аясында Алматы облысының әкімдігі жалпы сомасы 30,2 млрд теңге көлемінде бюджеттік өтінім берді. Оның
ішінде:
— «Шелек–Кеген–Нарынқол» магистральдық газ құбырын салу — 14,9 млрд теңге;
— Еңбекшіқазақ ауданының Нұрлы, Масақ, Дихан, Сатай, Талдыбұлақ, Қаражота, Қорам, Лавар, Қаратұрық, Достық, Қарасай, Қаракемер ауылдарын, Балқаш ауданының Береке ауылын, Талғар ауданының Дәулет ауылын газдандыру, Қонаев қаласындағы № 19, № 20, «Арна», «Спутник», «Рауан» шағын аудандарында орамішілік газ желілерін салу, Талғар ауданындағы 59,22–61,73 шақырым аралығындағы «Алматы–Байсерке–Талғар» магистральдық газ құбырын көшіру үшін — 15,3 млрд теңге.
— Алайда республикалық бюджеттің шектеулі екенін ескере отырып, Алматы облысының әкімдігі жоғарыда аталған бюджеттік өтінімдерді бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін тарту арқылы жүзеге асыру мәселесін қарастырып отыр, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Энергетика министрінің бұйрығымен елімізде тауарлық газдың көтерме шекті бағасы бекітілген еді.