Алматы облысының қай ауданында мал ұрлығы жиі болады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында былтыр ұрланған 166 бас мал заңды иелеріне қайтарылған.

корова сиыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Өңірлік полиция мәліметінше, 2023 жылы Алматы облысында 296 мал ұрлығының фактісі тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 20%-ға төмендеп, 244 барымтаға қатысты іс қозғалған.

Сондай-ақ полиция департаментінің жауабына сәйкес, облыстың 9 ауданының ішінде мал ұрлығының ең көп тіркелген аймағы — мал шаруашылығы қарқынды дамыған Жамбыл ауданы.

— Талдау көрсеткендей, ұрлықтың басым бөлігі мал қараусыз қалған бос жайылымдарда болады. Осыған орай, Алматы облысының полициясы мал иелеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынады. Атап айтқанда, қоршалған жайылымдарды пайдалану, түнгі кезекшілік ұйымдастыру және бейнебақылау жүйелерін орнату қажет, — деп ескертеді департаменттен.

Жалпы полиция мәліметінше, 2024 жылы ұрланған 166 бас мал заңды иелеріне қайтарылған.

Еске салайық, елімізде мал ұрлығы 30,5 пайызға азайған. 2024 жылы елімізде 1 026 мал ұрлығы болса, қылмыстың жартысынан көбін жайылымда болған. 

Бұған дейін Алматы облысында бір топ барымташы малды жайылымда сойып, етін әкетіп отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар