Алматы облысының Талғар ауданында жаппай тексеру шаралары жүргізіліп жатыр

ҚОНАЕВ.KAZINFORM — Алматы облысының Талғар ауданында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Алматы облысының Талғар ауданында жаппай тексеру шаралары жүргізіліп жатыр
Фото: Kazinform/ЖИ

Талғар ауданының аумағында 29-31 қазан аралығында «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Талғар аудандық полиция басқармасының мәліметінше, шара құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін жасалды.

— Барлық полиция қызметкеріне қоғамдық орындарда, ойын-сауық мекемелерінде, көшелерде және адамдар көп жиналатын жерлерде профилактикалық жұмысты күшейту, сондай-ақ құқық бұзуды анықтау және олардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды, — деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ қызмет барысында заң мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету қажет екені атап өтілді.

Анықталған барлық құқық бұзу бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Еске салайық, 2024 жылы Талғарда пышақ жарақатынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, ел назарын аудартты.

2025 жылғы 5 маусым күні сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 1,5 жылдан 23 жылға дейін сотталды.

Ал жақында Талғарда нан сататын орынның иесін пышақтап өлтіріп кеткен еді.