Алматы облысының тұрғыны мемлекеттік қызметкерге тіл тигізгені үшін жазаланды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысы Қарасай аудандық соты мемлекеттік қызметкерге тіл тигізген тұрғынға 172 500 теңге айыппұл салды.

Соттың хабарлауынша, 2023 жылы 23 қараша күні сағат 16:50-де М. жәбірленуші Г-ның қызметтік телефонына «WhatsApp» желісі арқылы дыбыстық хабарлама жіберген. Онда оны балағаттап, абыройы мен қадiр-қасиетiне сөз келтіріп, әдепсiз түрде кемсiткен.
Айыпталушы М.-ның кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен, соның ішінде мәтіндік және дыбыстық хабарламалардың скриншоттары арқылы келтірілген жәбірленушінің айғақтарымен дәлелденді. Сондай-ақ оның жас балалары бар екені ескеріліп, аталған азаматтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасы жеңілдетілді.
Сот ҚК-нің 131-бабының 2-бөлігімен айыпталушы М-ны кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша жаза ретінде 50 АЕК, яғни, 172 500 теңге айыппұл тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.