«Алматы-Өскемен» автожолы: Қонаев тұсындағы қауіпті бұрылыс жабылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласының Полиция басқармасы жазғы туристік маусымға дайындалу және көлік ағынының ұлғаюына байланысты кептелістердің пайда болуын азайту үшін бірнеше көшеде жол қозғалысын өзгертті.

Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қала маңындағы «Алматы-Өскемен» автожолында көлік құралдарының бұрылуына байланысты жол-көлік оқиғалары жиі болған. Осыған байланысты Қонаев қаласының жанынан өтетін «Алматы-Өскемен» автожолында «Бұрылуға арналған орын» жол белгілері алынып, ол жерлерге бетон қоршаулар қою туралы шешім қабылданды.
— Көлік құралдарының жүргізушілеріне түсіністікпен қарау, жол қозғалысы ережелерін бұзбау және жол белгілерінің нұсқамаларын қатаң сақтауын сұраймыз, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, қаланың бірнеше көшесінде жол қозғалысы өзгерді.
Достық және Мұқанов көшелерінде «бір жақты қозғалыс» жол белгілері, ал Жамбыл және Мұқанов көшелерінің қиылысында «кіруге тыйым салынады» және «оңға бұрылуға тыйым салынады» жол белгілері қойылады.