09:35, 15 Қаңтар 2025 | GMT +5
«Алматы-Өскемен» және «Алматы-Қорғас» автожолдарының бір бөлігі жабылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар жабылды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ АОФ хабарламасы бойынша 15 қаңтар сағат 08:20–ден бастап қалың тұман түсуіне және ауа-райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Алматы-Шелек-Қорғас» автожолы 24 км-ден (ақы алу пункті) 254 км-ге дейін (Жетісу облысына дейін) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» хабарламасына сәйкес, дәл осы уақыттан бастап республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» автожолында 25 км-ден (ақы алу пункті) 124 км-ге дейін (Шеңгелді ауылы) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы-Өскемен тасжолында 24 жолаушы құтқарылғанын жазғанбыз.