Алматы полициясы 7 мыңнан астам қару иесін тексерді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы тіркелген азаматтық қару иелерін, сондай-ақ оны сақтау, алып жүру және пайдалану талаптарының орындалуын тексеріп жатыр.

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2300-ден астам қару тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Бүгінге дейін полицейлер 7 300-ден астам қару иесіне тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінде қаруды сақтау талаптарын бұзғаны үшін 220 азамат жауапқа тартылды. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып сақталған 258 азаматтық қару заңсыз айналымнан алынды.

Полиция қаруды сақтау қағидаларын бұзбау – қылмыстар мен жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі екенін еске салды.

– Тексеру барысында қаруды сақтау жағдайына ерекше назар аударылады. Біздің басты мақсатымыз – тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, сонымен қатар ықтимал құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, - деді Алматы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында заңсыз қару мен аңшылыққа қатысты алты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар