Алматы полициясы смарт-көзілдіріктің көмегімен іздеуде жүрген адамды анықтады
АЛМАТЫ.KAZINFORM - Алматыда биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік сынақтан өткізілді.
Алматы полициясы заманауи цифрлық технологияларды енгізуді жалғастырып келеді. Соның бірі – биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік. Ол адамның бет-әлпетін ведомстволық дерекқорлар арқылы жедел тексеруге мүмкіндік береді.
Құрылғы әзірге бір дана көлемінде пилоттық режимде қолданылып жатса да, алғашқы нәтижесін көрсетті.
- Жақында Алматыдағы мешіттердің бірінде ақылды көзілдіріктің көмегімен іздеуде жүрген ер адам анықталды. Ақпарат расталғаннан кейін ол ұсталып, тиісті органға тапсырылды, - деп мәлімдеді Алматы ПД.
Технология полиция қызметкеріне іздеудегі адаммен ықтимал сәйкестік туралы ақпаратты смартфон немесе планшет қолданбай-ақ, тікелей көзілдірік экранынан көруге мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны енгізу іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, полицияның жедел әрекет етуіне және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Еске салсақ, Алматы облысында полицейлер көлікті тоқтату үшін қару қолданған еді.