Алматы полициясы тұрғындардың кейбірі көлігінен неге айырылғанын түсіндірді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда миллиондап айыппұл төлемеген автокөлік иелері анықталды.

Алматы полициясы тұрғындардың кейбірі көлігінен неге айырылғанын түсіндірді
Фото: Алматы полициясы

Алматыда жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейтуге және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.

Іс-шара аясында әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері әкімшілік айыппұлдарды жүйелі түрде төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізді. Негізгі назар ірі көлемдегі берешегі бар көліктерге аударылды.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде бірнеше автокөлік ұсталды. Бұл көліктер бойынша төленбеген айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты. Барлық көлік құралы қарыз толық өтелгенге дейін арнайы айып тұрағына қойылды.

— Айыппұлдарды жүйелі түрде төлемеу — заң талаптарын саналы түрде елемеу. Мұндай жағдайларда қабылданатын шаралар қағидатты әрі бұлтартпас болады, — деді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция өкілі сондай-ақ әкімшілік қаулылардың орындалуын бақылау жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін айтты.

— Әрбір жүргізуші айыппұлдың жай формалдылық емес екенін түсінуге тиіс. Заңды талаптарды орындамау нақты салдарға, тіпті көлік құралын алып қоюға дейін әкелуі мүмкін, — деді Серік Шумаев.

Полиция тұрғындарды айыппұлдарды уақтылы төлеу қосымша шектеу шараларының алдын алатынын еске салып, автокөлік иелерін берешектің бар-жоғын алдын ала тексеруге үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 5 жылда «Сергек» камералары 156 млрд теңге айыппұл салғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар