Алматы полициясына тәулігіне 4,5 мың қоңырау түседі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 102 пультіне алматылықтардан күніне 4,5 мың қоңырау түседі.

полиция ІІМ
Фото: СҚО ПД

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

- 102 қызметі – тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін көпарналы автоматтандырылған жүйе. Ол Алматы қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығында орналасқан. Орта есеппен тәулігіне 102 пультіне төрт жарым мыңнан астам қоңырау түседі. Оның шамамен 70 пайызы – қылмыс пен құқық бұзушылық туралы хабарламалар, қалған бөлігі – анықтамалық сипаттағы ақпараттар. Қазіргі таңда Алматы полициясы 102 қызметінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті барлық материалдық-техникалық және цифрлық мүмкіндіктерге ие, - деді ол.

Еске салайық, Алматы полициясы Республика күні қарсаңында күшейтілген режимге көшеді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға мереке күндері 3,5 мың полицей жұмылдырылады.

Соңғы жаңалықтар