Алматы соты желіде тараған судьяның видеосына қатысты түсінік берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде судьяның түсініксіз қимыл жасаған сәті түсірілген видео тарады.

Кадрда Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Бақытхан Бәкірбаев екені айтылады.
Алматы соттарының ресми жауабына сәйкес, видео 2024 жылы аты шулы қылмыстық іс бойынша өткен отырыстан алынған. Ол кезде үш айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралған.
Соттың хабарлауынша, отырыс барысында процеске қатысушылардың бірі залдан шықпақ болған. Судьяның жасаған қимылы тәртіпті сақтап, процестің дұрыс өтуін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.
— Өтінішті қарау қорытындысы бойынша сот айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты. Қылмыстық істің мәні бойынша сот ақтау үкімін шығарды. Бұл үкім жоғары тұрған сотпен өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар іс қарау кезінде судьяның әрекетіне қатысты шағымдар түсіп, Судьялық әдеп жөніндегі комиссия оған қоғамдық сөгіс жариялағаны белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкент сотының судьясы Әбінұр Қарабаевтың БАҚ өкіліне қарап аузын қисайтқанын видеосы тараған еді. Кейінірек оның бұл әрекетіне қатысты қызметтік тексеру тағайындалғаны хабарланды.